Биыл Павлодар облысында жолдарды жөндеуге рекордтық көлемде қаржы бөлінді

Биыл Павлодар облысында жолдарды жөндеуге рекордтық көлемде қаржы бөлінді
Фото: Константин Шелков

Биыл инфрақұрылымды жақсарту үшін 136 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Облыстық және аудандық маңызы бар 656 шақырым жол мен елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 27 миллиард теңге көлемінде рекордтық қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз конференциясында. 

Аймақ басшысы үш жылдың ішінде облыстың барлық елдімекендеріне кіреберіс жолдарын жөндеу басты назарға алынып отырғанын атап өтті. 

–  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысын бастау жоспарлануда. Өңірімізде алдағы екі жылда трамвай бағыттары кеңейтіліп, 70 вагон жөнделеді. Сондай-ақ облыстың үш қаласында қоғамдық көліктердің жылжымалы құрамы жаңартылды, 135 заманауи автобус қолданысқа енді, – деді облыс әкімі. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл өңірде 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу мен жаңартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.