Кемеңгерде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы неліктен ұзап кетті?

Кемеңгерде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы неліктен ұзап кетті?
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы

Оны аманаттықтар сұрап, білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«AMANAT» партиясының өкілдері Кемеңгер ауылына барып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысын бақылау мақсатында мониторинг жүргізді. Делегация құрамында облыстық филиалдың атқарушы хатшысының м.а. Айнұр Мұхамедьярова, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенко, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары Сандуғаш Қалижанова мен Асылбек Туғанбай және «AMANAT» партиясы ПҚФ-ның атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов болды.

Спорттық кешен толық өлшемді футбол алаңымен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында кешен аумағын қоршау үшін қоршау құрылымдары дайындалуда ғимараттың техникалық жағдайына тексеру жүргізілуде. Астанадағы қоймада тұрған сэндвич-панельдерді жеткізу күтілуде. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қалған жұмыстардың көлемі анықталуда.

Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2026 жылы аяқталады.

Бастапқыда ДШСК құрылысын 10 ай ішінде аяқтау жоспарланған болатын, алайда мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұған дейінгі тексерулер барысында нысанда мамандар санының жеткіліксіздігі және жұмыстардың басым бөлігінің қосалқы мердігерлерге берілгені анықталды. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер ұйым қаржылық қиындықтарға тап болып, бюджетке түзетулер енгізу қажет болды.

Кемеңгер ауылындағы ДШСК құрылысына мониторинг жалғасады, ал «AMANAT» партиясының өкілдері жобаның сәтті жүзеге асырылуына қолдау көрсетеді.