Биыл Павлодар облысының екі ауданында қар аз түскен

Биыл  Павлодар облысының екі ауданында қар аз түскен

Диқандар алқаптардағы қар тоқтату жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Қазгидромет» РММ Павлодар облысы бойынша филиалының инженер-агрометерологы Еркебұлан Байқошқаров биыл өңірімізде қардың қалыңдығы орташа есеппен 15 см болып тұрғанын атап өтті.

Өткен жылы қардың қалыңдығы 17 см болған. Норма бойынша 17 см болуы тиіс.

–    Биыл қар біраз аз болып тұр. Шарбақты ауданында қалыңдығы – 12 см, Успен ауданында 13 см құрайды, – деді Еркебұлан Байқошқаров.

Әдетте егін егетін шаруашылықтар алқаптарының үстіне қар жинап, тоқтатып, жерге көктемгі ылғал беруге әрекет етеді. Қар тоқату арқылы алқаптарындағы қардың қалыңдығын 50 см-ге жеткізуге тырысады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің сөзінше, өңірде қар тоқтату жұмыстары жүргізілуде.

–    Облыс аумағында негізінен қар бар. Ертіс пен Железин ауданында қар жақсы түсті. Жыл басында күн райының жылуына байланысты қар еріп, отырып қалғаны болмаса, жеткілікті көлемде жауды. Дегенмен, Успен мен Шарбақты ауданында аздау, – деді Есентай Мүрсәлімов.

Биыл облыста 414 мың га аумаққа қар тоқтату жоспарланған. Бұл жұмыстар әдетте желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жүргізіледі. Қазіргі уақытта облыста 316 мың гектарда қар тоқтатылған.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден