Биыл Шарбақты ауданының ауылшаруашылығы жиырмаға жуық жаңа техникамен толықты
Оның ішінде шаруалар онға жуығын өз қаржыларына сатып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байхановқа Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов мәлімдеді.
- Былтыр 14 шаруашылық келісімшартты ұзартты. Биыл олар мемлекет тарапынан қаржыландырылмады. Жанар-жағармайды өзінің қаржысына коммерциялық бағамен сатып алып жатыр. Тағы бір атап өтерлігі цистерналар жоқ. Ол мамыр айының соңына дейін шығуы керек, - деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бері ауданның ауылшаруашылығы 17 жаңа техникамен толыққан. Оның ішінде шаруалар 9-ын өз қаржыларына сатып алса, қалғаны қаржы институттары арқылы алынған.
Жалпы Шарбақты ауданындағы егіндік алқабы 206 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 224 мың гектар жалпы болса, 624 мың егістік алқаптары. Биыл жалпы егістік алқабы 500 гектарға ғана өскен. Былтыр да осы деңгейде болған, оның ішінде жаздық 186 мың гектар, дәнді дақылдар 134,7 мың гектар, майлы дақылдар 44,2 гектар, картофель 300 гектарды құрайды.
- Бүгінгі күні 13600 тонна тұқым егіндікке себуге дайындалды. Оның ішінде 13200 - дәнді дақыл болса, майлы дақылдар - 200 тонна. Ауданда 24 егіс кешені бар. Онда 492 басқа да тракторлар жұмылдырылған. Егіндікке қажетті тыңайтқыштар алынды. Бүгінгі таңда жұмыс жүріп жатыр. Төрт шаруа қожалығы «Рассвет» кредиттік серіктестігі арқылы қаржыландырылды. Азық-түлік корпорациясы арқылы бір шаруа қаржыландырылды, - деді Сержан Иманқұлов.
Шарбақтылық шаруалар былтырғы жылдың санағы бойынша дәнді дақылдарға қарағанда майлы дақылдарды көптеп егуді қолға алған болса, басқа дақылдар бойынша жалпы өзгеріс жоқ.
Асайын Байханов биыл құрғақшылыққа төзімді деп егілген дақылдардың бір түрі – мақсары екенін атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысын мал азығы да қызықтырды. Ауданда көп жылдық шөпті «Победа» ЖШС мен «Заря» ЖШС ғана егеді.
Аудандағы өзге де шаруашылықтардың жағдайлары тұрақты. Барлығы тұқыммен толық қамтамасыз етілген жанар-жағармай жеткілікті. Аудан бойынша субсидиялар бөлінген.