Биыл Железин ауданындағы негізгі ауылдардың жолы жүз пайыз жаңарады
Аудандағы ауылдарға кіреберіс автокөлік жолдарын жөндеу және елді мекен ішіндегі көшелерді асфальттау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байхановтың Железин ауданына жұмыс сапарымен барды.
Биыл аудан бойынша бірнеше ірі жоба қолға алынып, негізгі ауылдардың жол инфрақұрылымын толық жаңарту жоспарланған.
Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, қазіргі таңда Мыңкөл ауылына кіреберіс автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары басталған. Жобаның ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Жөндеу жұмыстарына 163 миллион теңге бөлініп, мердігер ретінде «ExtraClass» ЖШС жұмыс жүргізуде.
– Мыңкөл ауылында екі кіреберіс жол бар. Темір жол бөліп тұрған екінші бөлігі өткен жылы жөнделсе, биыл қалған бөлігі аяқталады. Жұмыстарды маусым айының соңына дейін толық бітіру жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар Петропавловка ауылына кіреберіс жолды жөндеу жобасы да жүзеге асырылуда. Ұзындығы 530 метр болатын жолға 41,7 миллион теңге қарастырылған. Бұл нысанда «Аракс» ЖШС жұмыс атқарады. Қазіргі таңда қажетті қиыршық тас жеткізіліп, мердігер мекеме осы аптаның соңында құрылыс жұмыстарына кіріспек. Жоба маусым айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Аудан орталығы – Железин ауылында да жол жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде жеті көшеге асфальт төсеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі уақытта барлық көшеге қиыршық тас төселіп болған. Келесі кезеңде жол жабыны дайындалып, асфальт төселеді. Бұл жұмыстарды 15-20 маусым аралығында аяқтау көзделіп отыр.
Екі ауылдағы жол жөндеу жұмыстары ресайклинг әдісі арқылы жүргізілуде. Бұл тәсіл ескі жол қабатын қайта өңдеу арқылы жаңа асфальтбетон жабынын төсеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Уәлихан ауылында төрт көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл жобаны да «Аракс» ЖШС жүзеге асырады. Жоспар бойынша бұл жұмыстар да маусым айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
– Соңғы үш жылда, яғни 2023-2025 жылдары аудан бойынша 15 ауылдық округтің кіреберіс жолдары жөнделді. Биыл Мыңкөл мен Петропавловка ауылдарының кіреберістері аяқталғаннан кейін Железин ауданындағы барлық ауылдардың кіреберіс жолдары жүз пайыз қамтылады, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Мыңкөл ауылында 378 адам тұрады. Ал Петропавловка ауылында 230 тұрғын бар. Жол сапасының жақсаруы ауыл тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымның дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.