Былтыр Павлодар облысында 200-ге жуық ата-ана жауапкершілікке тартылған

Олар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың үш айында кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 196 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін екі заңды өкіл қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтарын немесе мүдделерін қорғау, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамауы он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деп еске салады департаментте.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды күннің жылуына байланысты балаларға өте мұқият болуға, олардың уақытын бақылауға, әрқашан көз алдында ұстауға тырысуға шақырады.