Донорлықтағы Павлодар үлесі: елдегі оталар саны рекордтық деңгейде

Донорлықтағы Павлодар үлесі: елдегі оталар саны рекордтық деңгейде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Трансплантаттау орталықтарының саны 11-ге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте еліміздегі трансплантология саласының 2025 жылғы даму есебі тыңдалды. Республикалық трансплантаттауды үйлестіру орталығының мәліметінше, биыл қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалған оталар саны өткен жылмен салыстырғанда бірден 2,6 есеге артқан. Донорлық белсенділігі ең жоғары аймақтардың қатарында Павлодар облысы ерекше аталды.

Орталық басшысы Айдар Сейітқазинов азаматтардың ағза донорлығына деген көзқарасы оң бағытқа өзгергенін және eGov.kz арқылы ерікті ниет білдірушілер үлесі 63%-ға жеткенін мәлімдеді.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалған трансплантаттаулардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты, ал ағымдағы донорлардың саны 2025 жылдың 10 айында екі есе дерлік – 6-дан 16-ға дейін көбейді. eGov.kz сайтындағы азаматтардың жалпы ерікті ниет білдіру көрсеткіші 27%-ға өсті, – деді ведомство басшысы.

Инфрақұрылымның кеңеюі де нәтижесін беруде: былтыр елде 7 орталық жұмыс істесе, биыл олардың саны 11-ге жетті. Бұл көрсеткіш күту парағындағы пациенттер арасындағы өлім деңгейін 4,6%-ға төмендетуге мүмкіндік берген. Павлодар облысымен қатар Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысы да донорлық белсенділік бойынша үздіктер тізімінде.

Кеңес қорытындысы бойынша министр ағза донорлығын насихаттауды күшейтуді және цифрлық шешімдерді өңірлерде жүйелі енгізуді тапсырды. Қазіргі уақытта Қазақстан бұл салада Испания, Түркия және Беларусь мамандарымен тәжірибе алмасуды белсенді жалғастырып жатыр.