Павлодар облысында алғаш рет Шәкен Айманов оқулары өтті
Аталмыш байқауға 70-тен астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәліметінше, Баянауыл ауданы Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатында Павлодар «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру орталығы және Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен қазақтың көрнекті режиссері, қазақ кәсіби кино өнерінің негізін қалаушы, даңқты актер, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай алғаш рет облыстық байқау өтті.
Додаға өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 75 оқушы қатысты. Оқулар 5 бөлім бойынша ұйымдастырылды.
Байқау қорытындысы бойынша, «Сахна саңлағы» бөлімі бойынша Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты бас жүлдені иеленсе, «Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге» мүшайра бөлімінде ақсулық Еркебұлан Тіленіш үздік атанды. «Көңілім әнді ұғады» атты әндер байқауында Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің оқушысы Айша Акейхан бірінші орынды иеленді. Ал екінші топ бойынша Тереңкөл ауданы Текенов атындағы №2 мектептің оқушысы Юлия Зикновкая жеңіс тұғырынан көрінді. «Қылқалам және қолөнер шеберлері» аталымында бірінші орын Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Аңсарым Ерғанатқа бұйырды.