Екібастұз мектебінде полицейлер ашық есік күнін өткізді

Іс-шара №10 ЖОББМ-де ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған полиция қызметкерлері, қорғаншылық органдарының өкілдері және мектеп әкімшілігі шақырылды. Екібастұз қаласы полиция басқармасы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Әсемгүл Кәрімова отбасы мен мектептің ынтымақтастығы – оқушының табысты болуының маңызды шарты екенін атап өтті.
– Әр адам оның ішінде балалар да өз құқықтарын білуі, оларды қорғай білуі керек, – деді ол.
Консультация өткізілген мектептің фойесінде мұғалімдер, ата-аналар, балалар әртүрлі сипаттағы сұрақтар қойды.
– Мен көптен бері мазалаған сұрақтарды қойғым келді, бірақ жүгінуге уақыт болмады. Осындай тыныш жағдайда өз сауалыма жауап алдым, – деді мектеп мұғалімдерінің бірі.
Мұндай іс-шараларды өткізу ата-аналармен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау үшін неғұрлым қолжетімді болуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ата-аналар қауымдастығымен қарым-қатынасты нығайтуға және бала тәрбиесіндегі күш-жігерді біріктіруге көмектеседі.