Павлодар ауданында мотоцикл ұрлаушысын ұстады
Ер адам мас күйде аудан тұрғынының мотоцикліне отырып, кетіп қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицияға Кемеңгер ауылының тұрғынынан мотоциклді ұрлау туралы хабарлама келіп түсті. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады.
– Павлодар қаласының тұрғыны мас күйінде «Ак-Агро» базасының аумағынан LTM-200m15 маркалы мотоциклді ұрлап әкеткені анықталды. Жауап алу барысында ұсталған адам үйге жету үшін мотоциклді ұрлағанын түсіндірді, – деді Павлодар ауданы ПБ бастығының міндетін атқарушы Бекзада Булежанов
Мотоцикл техникалық жарамды күйде иесіне қайтарылды. Ұрлау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Мәлімет үшін, ағымдағы жылдың басынан бері өңірде 36 айдап әкету тіркелген.