Екібастұз ЖЭО үш миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады
Станцияда ақаулы өлшегіш құралдарды қолданған, деп хабарлайды корреспондент @Pavlodarnews.kz.
Ресми мәліметтер бойынша, қаңтар айында ҚР сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Екібастұз прокуратурасымен бірлесіп, Екібастұз ЖЭО қызметінде метрология саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптардың сақталуына қатысты.
Тексерушілер станцияда техникалық манометрлер, қысым түрлендіргіштері, вольтамперфазометр, мегаомметр сияқты ақаулы және тексеру мерзімі өткен өлшеу құралдарын қолданғанын анықтады.
- "Өлшем құралдарын тексерусіз қолдану "өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" ҚР Заңының 19-бабының 1-тармағын бұзу болып табылады. Бұл бұзушылық ҚР ӘҚБтК 419-бабының 1-бөлігі 2-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Яғни 1600 АЕК – 5 520 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Екібастұз прокуратурасының заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысы негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Екібастұз ЖЭО бұзушылық жасау фактісін осы бапқа сәйкес мойындады. ҚР ӘҚБтК-нің 811-і қысқартылған іс жүргізу тәртібімен жеті тәулік ішінде 2 760 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеу туралы ұйғарым шығарды", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Кәсіпорын әкімшілік айыппұлды бірден төледі.
Естеріңізге сала кетейік, Екібастұз ЖЭО-да анықталған бұзушылықтар туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев Павлодар облысына сапары кезінде техникалық реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың бірінші отырысында хабарлады.
Тексеру "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС-де ақаулы 463, тексеру мерзімі өткен 23 өлшеу құралы орнатылғанын көрсетті. Құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі объектінің барлық маңызды көрсеткіштеріне әсер етуі мүмкін екендігі атап өтілді.