Баянауыл ауданында 60 жыл асфальт көрмеген ауылдың көшелеріне жол төселеді
Жол төсеу жұмыстары бір айда аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына барған жұмыс сапары барысында елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша іске асып жатқан жобалардың барысын тексерді. Биыл 937,7 миллион теңгеге алты жоба жүзеге асады. Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың сөзінше, Құндыкөл ауылында Ә. Марғұлан атындағы мектептің және мәдениет үйінің күрделі жөндеуі, көшелерге асфальт төсеу мен жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дәл сондай жұмыстар Бірлік ауылында жасалады. Халқы 970 адам тұратын ауылда 167 миллион теңгеге алты шақырым ауылішілік жолдарға асфальт төселеді.
– Халық қуанып жатыр. Көшелер өмірі асфальт көрмеген. Енді мемлекеттік мекемелерге, мектептерге және мешітке дейін баратын барлық жолдарға асфальт төселеді. 2026 жылы Бірлік ауылына 60 жыл болады,– деді Бірлік ауылдық округінің әкімі Арман Мұсатаев.
Ауылішілік жолдарға асфальт төсеу жұмыстары 12 маусымда басталды. Мердігерлер жұмыстарды бір ай ішінде аяқтауға уәде берді. Бұдан бөлек Бірлік ауылының тұрғындары үшін 40 жыл жөндеу көрмеген мәдениет үйі жаңартылады. Соңғы рет 2016 жылы ғимаратта шатыр жөнделген болатын. Мәдениет үйі 190 орынға шақталған. Толықтай электр жүйесі, әйнектері ауыстырылып, еденге керомагранит төселеді. Мердігерлер жұмыстарды шілденің аяғына дейін бітіреді.
– Баянауыл ауданындағы ең мықты ауылдардың бірі ғой. Жолдың үстінде тұр. Үлкен өнеркәсіптер осы жерде орналасқан. Балалардың да саны көп,– деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі аудан әкіміне жұмыстардың сапасын толықтай жоғары деңгейде қамтамасыз ету керектігін айтты.