Екібастұзда қала тарихындағы ең ірі әлеуметтік келісімдердің бірі жасалды

Екібастұзда қала тарихындағы ең ірі әлеуметтік келісімдердің бірі жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысының әкімі шаһарға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Асайын Байханов Екібастұздағы МАЭС-1-де Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында салынатын ең биік нысан – биіктігі 270 метр болатын жаңа түтін мұржасының құрылысы басталғанын мәлім етті. Бұл ауқымды жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Дегенмен, аймақ басшысының Екібастұзға сапарының басты мақсаты тек осы құрылыс емес еді.

– «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовпен 20 миллиард теңгеге арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою себеп болды. Бұл – қала тарихындағы ең ірі әлеуметтік келісімдердің бірі. Қаражат «Богатырь Көмір», МАЭС-1, МАЭС-2 және ЖЭО қызметкерлеріне арналған екі көпқабатты тұрғын үйдің, сондай-ақ екі балабақшаның, спорт кешенінің және қалалық жылу орталығының әкімшілік-тұрмыстық ғимаратының құрылысына бағытталады, – деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, компания жыл сайын автоматты суару жүйесін енгізуге, қаланы көгалдандыруға шамамен 100 миллион теңге бөліп отырады.

Асайын Байханов әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнеспен бірлесе отырып, Екібастұзды тұрғындарының өмір сүру сапасы сай келетін, жайлы әрі заманауи қалаға айналдыру жолындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыра беретіндерін тілге тиек етті.