Екібастұзда елге танымал қолөнер шеберінің жұмыстары ел назарына ұсынылды
Жиында шебердің туғандары мен шәкірттері естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайының мәлімдеуінше, қолөнер шебері Сәкен Құспекованың жүз жылдығына орай «Сәкен апа таңбасы – ою-өрнек» атты еске алу кеші өтті.
Шарада Сәкен апамыздың өз қолымен тоқыған кілемдері мен немерелеріне тіккен киімдері және тағы да басқа көптеген жұмыстар көрермен назарына ұсынылды.
– Қолөнердің хас шебері Сәкен Құспекованы еске алып, есімін ұлықтап, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған еске алу жиынына балалары мен келіндері, немерелері, туған-туыстары мен шәкірттері және қаламыздың құрметті азаматтары қатысып Сәкен апамыз жайлы ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті, – деді ұйымдастырушылар.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов алыс-жақыннан келген қонақтарға, көрерменге ризашылығын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында шебердің 100 жылдығына орай «Қолөнері – таусылмас қазына» атты еске алу кеші өткен болатын.
Сәкен Құспекованың туындылары бүгінде Павлодар облыстық көркемсурет мұражайында, Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында және Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайында сақталған. Сонымен қатар, халық өнерінің туындылары Германия мен АҚШ мұражайларында қойылған.