Павлодарда жерасты өткелінің төбесін зақымдаған тұрғын қоғамдық жұмысқа жіберілді
Ер адам кінәсін мойындап, жазасын қоғамдық жұмыс түрінде өтеуді өзі сұраған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 21 қыркүйекте Академик Сәтбаев көшесіндегі жерасты өткелінде болған.
Құқық бұзушылық «tipavlo» әлеуметтік желісіндегі жарияланымға мониторинг жүргізу кезінде анықталды. Сот материалдарына сәйкес, азамат В. жерасты өткелінде жоғары секіріп, қолымен төбе қаптамасы мен оның жекелеген бекітпелерін зақымдаған.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Ол жоғары секіргенін растағанымен, жарық қорабына қасақана тимегенін түсіндірді.
– Азамат В. өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындауды сұрады, – деп хабарлады сотта.
Сот ер адамның құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, кінәсін мойындағанын және өкінгенін ескерді. Нәтижесінде оған ұсақ бұзақылық үшін 20 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.