Екібастұзда энергия үнемдеу бойынша нақты жобалар іске асуда
Мәселен, кеншілер шаһарындағы көше жарығы жарықдиодты шамдарға ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда мемлекеттік энергия үнемдеу саясатын іске асыруға арналған жиын өтті.
Жиында Павлодар облысының энергетика және ТҮКШ басшысы Ержан Иманзаипов энергияны үнемдеу - энергия қуатын босату және қоршаған ортаға шығарындыларды азайту құралдарының бір екенін атап өтті.
- Мысалы «Горэлектросеть» ЖШС көше жарығы шамдарын бүкіл Екібастұз қаласы көлеміндегі жарықдиодты шамдарға ауыстырды. Бұл электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы үнемдеуі 2,2 млн кВтсағ-тан астам (56%) құрады. Ал «Галицкое» ЖШС шаруа қожалығы үшін жел генераторын орнатты. Ол электр энергиясы бойынша өз шығындарын 65% - ға төмендетті, - деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, жиында өңірдегі қатты отынды үнемдеу мәселесі де сөз болды. Мәселен, «ERG» АҚ ферроқорытпа зауытында газ-мазут қазандығы іске қосылғалы үнемдеу едәуір артқан. Нақтысы газ-шаң шығарындылары жылына 460 тоннаға қысқарса, көмір мен мазутты тұтыну да азайған.
- Ағымдағы жылы «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ турбина конденсаторларының температуралық қысымын төмендету жөніндегі іс-шараларды жоспарлап отыр. Ол жылына 24 мың тонна көмірді үнемдеуді қамтамасыз етеді, - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша ел өңірлері арасында озық тәжірибе алмасуды жандандыру, жергілікті деңгейде табысты технологияларды енгізуді кеңейту және энергия тиімділігі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту туралы шешім қабылданды.