Екібастұзда кіреберісте жатқан мас адам детоксикация орталығына жеткізілді
Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күн сайын кезекші бөлімнің пультіне қала тұрғындарынан ішімдік ішу немесе алкогольдік масаң күйдегі адамдардың жүруі туралы түрлі хабарламалар мен қоңыраулар түседі. Полиция қызметкерлері тиісті шараларды жедел қабылдайды.
– Сағат 13.15-те полицияға Сәтбаев көшесіндегі үйдің кіреберісінде ер адам жатқандығы туралы хабарлама түсті. Тәртіп сақшылары 48 жастағы ер адамды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіп, орналастырды. Учаскелік инспектор ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды, бұл бап бойынша 5 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Рустам Умаров.
Бұдан басқа, осы бап бойынша егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін қайталап жасалса, заңнамада 10 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Айта кету керек, 2023 жылдың есепті кезеңінде ғана мас күйінде ішімдік ішкені және қоғамдық орындарда жүргені үшін қаланың 2007 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 5890 адам жеткізілді.