Екібастұзда отыздан астам инвестициялық жоба ерекше бақылауға алынды
Жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі жеті триллион теңгеден астам соманы құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, инвестициялық штаб отырысында қалада жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы мен жедел шешуді қажет ететін мәселелер қаралды.
Қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 7,1 триллион теңгені құрайтын 33 жоба ерекше бақылауда тұр. Оның жетеуі бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді және жұмысын бастады.
Жыл соңына дейін тағы екі жобаны іске асыруды аяқтау жоспарланған. Олардың жалпы инвестиция көлемі – 17,3 миллиард теңге.
– Біз үшін әрбір мәлімделген жобаның жоспардан нақты нәтижеге – жаңа өндірістерге, жұмыс орындарына және қала экономикасының дамуына дәйекті түрде өтуі маңызды, – деді Аян Бейсекин.
Қала әкімі инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
– Инвестициялардың тұрақты ағыны, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын нығайту – өңірдің тұрақты экономикалық дамуының негізі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді қала әкімі.
Инвестициялық штаб аясында жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешуге және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі.