Екібастұзда Республика күніне орай «Алаш маршы» орындалды
«Өнер» мәдениет сарайында Республика күніне орай «Менің Отаным – Қазақстан» атты салтанатты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айтулы шараға Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин арнайы қатысып, қаламыздың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағын, «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сонымен бірге, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталары берілді.
Отандық танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті. Опера жанрындағы әндерді орындайтын «IL Canto» квартетін көпшілік ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ, заман талабына сай дәстүрлі өнерді талғаммен ұсынып жүрген , өзге де әлемдік ареналарда ұлттық өнерімізді дәріптеп, қайталанбас ерекше стилімен, қоңыр дауысымен, рухты әндерімен танылған «Алатау серілері» тобының жігіттері жиналған қауымның рухын, сана-жігерін оятып, тамаша көңіл-күйге бөледі.