Екібастұзда шабандоздар Қазақстан чемпионатына жолдама үшін жарысады
Қалалық ипподромда ұлттық ат спортының төрт түрі бойынша жеңімпаздар анықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
13 маусым күні өтетін жарыс бағдарламасына бірнеше қашықтық бойынша ұлттық ат спорты түрлері енгізілген. Қатысушылар құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бойынша өзара мықтыны анықтайды.
– Жарыс аясында құнан бәйге (ҚР жылқылары) және жалпы құнан бәйге жеті шақырым қашықтықта, ТОП бәйге 12 шақырымда, ал аламан бәйге 18 шақырым қашықтықта өтеді, – деп хабарлады қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі.
Жарыстың басталуы сағат 12:00-ге жоспарланған.
Ұйымдастырушылар ат спортының жанкүйерлерін Екібастұз қалалық ипподромына келіп, жарысқа қатысатын шабандоздар мен тұлпарларға қолдау көрсетуге шақырды.