Екібастұзда TikTok-та мұғалімге бейәдеп сөз айтқан оқушының ата-анасы жазаланды
Баласының бұзушылығы үшін ата-аналар айыппұл төледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласында 15 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім TikTok әлеуметтік желісінде мұғалімге қатысты бейәдеп сөздер қолданған. Тағы бір жағдайда, Екібастұз қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған ұлының әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды. Оның 15 жастағы ұлы арнайы қызметтерге қасақана жалған қоңырау шалған. Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық белгілерін байқады.
– Аталған құқық бұзушылықтар үшін кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді ведомствода.
Биыл жыл басынан бері облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында ұсақ бұзақылықтың 5 дерегі тіркелген.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға күнделікті күйбең тірлікте балаларыңызбен қарым-қатынас жасауға уақыт табуға, олармен тең дәрежеде сөйлесуге шақырады. Себебі ата-ананың басты міндеті – баланың бойына сенімділік пен қауіпсіздік сезімін ұялату, сондай-ақ қарапайым мінез-құлық ережелерін үйрету.