Павлодарда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қабылдау басталды

Павлодарда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қабылдау басталды
Фото: freepik.com / vectorjuice

Оқу ақысыз негізде жүргізіліп, қатысушыларға шәкіртақы немесе еңбекақы төленеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіптік оқытудан Қазақстан Республикасының азаматтары мен жұмыссыздар қатарындағы қандастар екі жыл ішінде бір рет өте алады. Бағдарлама кәсіби даярлықты, жаңа мамандықтар бойынша қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.

Оқыту жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында немесе жұмыс берушілердің өндірістік орындарында жүргізіледі. Оқу мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне байланысты 6 айдан аспайды. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша маңсап орталығына, ал ауылдық жерлерде ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала әкімдеріне жүгіну қажет.

– Оқуға қабылданған азаматтар мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі, оған оқу ақысын төлеу, шәкіртақы немесе еңбекақы, сондай-ақ жол жүру шығындары кіреді. Егер оқу тұрғылықты жерінен тыс жерде өтсе, баспана жалдау шығындарына өтемақы қарастырылған, – делінген enbek.kz сайтында.

Кәсіби оқуға қатысу үшін өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, еңбек қызметін растайтын құжаттар (болған жағдайда), білімі туралы құжат (аттестат, диплом, сертификат және тағы басқасы), 075/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмесі қажет.

Оқуды сәтті аяқтаған азаматтар әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастырылады:

  • оқу ұйымында білім алғандар үшін – кемінде 6 ай мерзімге;
  • жұмыс орнында оқытылғандар үшін – кемінде 12 ай мерзімге.

Қосымша ақпарат алу үшін Ак. Бектұров көшесі, 115В мекенжайы бойынша қалалық маңсап орталығына немесе +7(7182) 21-54-83 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.