Екібастұзда жөндеуден өтіп жатқан қазандықтардың соңғы жұмыстары аяқталды
Екі қазандықта осы айдың соңына дейін іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз ЖЭО-дағы 10 қазандық агрегаттың 6-на күрделі жөндеу және 2-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. ЖЭО штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жылумен жабдықтаудың қажетті параметрлерін беруде. Қалған екі қазандық бойынша жұмыстар аяқталды.
Жылу беру маусымының өту барысы туралы жиналыста Асайын Байханов биылғы жылы ауыстырылған жаңа желілерде ешқандай ақау анықталмағанын атап өтті. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин өңір басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй инспекциясының мамандары жылу желілерінің қызметкерлерімен бірлесіп жылудың жетіспеушілігіне өтініш білдірген көпқабатты үйлер бойынша жұмыстар жүргізілгенін баяндады.
- Бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау бойынша қалалық желілермен байланысты жүйелі мәселелер жоқ, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, жұмыс сапары барысында Асайын Байханов дауылдан зардап шеккен нысандарға барды. Қатты желдің салдарынан №20 балабақша мен №7 мектеп-гимназиясы ғимараттарының шатырлары жартылай қираған. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шатырларды қалпына келтіру ТЖ салдарын жоюға бөлінген резервтегі қаражат есебінен жүргізіледі.