Екібастұзда жарақат алған әйел тікұшақпен облыс орталығына жеткізілді

Екібастұзда жарақат алған әйел тікұшақпен облыс орталығына жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

35 жастағы науқасқа шұғыл көмек керек болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы санитарлық авиация қызметімен бірлесіп, шұғыл медициналық тасымалдау жұмыстарын жүргізді.

«Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Екібастұз қаласынан Павлодар қаласына 1991 жылы туған әйел жеткізілді. Ол биіктен құлау салдарынан алған ауыр жарақаттарымен 30 шілдеде медициналық мекемеге түскен.

Дәрігерлер пациенттің жағдайын тұрақтандырғаннан кейін, әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін 3 тамызда санитарлық авиация желісі арқылы Павлодар қаласындағы №1 қалалық аурухананың политравма бөліміне ауыстырды.

Екібастұз қалалық ауруханасының ақ желеңділерінің мәлімдеуінше, науқаста дененің бірнеше анатомиялық аймағын қамтитын әртүрлі біріктірілген сүйек сынулары анықталған.

Тікұшақ экипажы мен медициналық бригаданың жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында пациент уақытылы жеткізіліп, облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананың мамандарына тапсырылды.

ТЖМ авиациясы күрделі жағдайларда азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған санитарлық тасымалдау жұмыстарын тұрақты түрде атқарып келеді.