Екібастұздық автотүсіргіш жүргізушісі халықаралық жарысқа жолдама алды

Машинистер түрлі тапсырмалар орындап, өзара бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында және Шахтер күніне орай «Богатырь Комир» ЖШС базасында «Мамандығы бойынша үздік» байқауы өтті.
Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, бұл байқау технологиялық көлік басқармасы қызметкерлерінің арасында жалғасын тапты.
Сайысқа қатысуға ниет білдірген 30 қызметкер: БелАЗ-7513, CAT-785D, Hitachi EH-3500 карьерлік автотүсіргіштерінің жүргізушілері, сондай-ақ CAT-D9R бульдозері мен CAT-16 автогрейдерінің машинистері.
Алдымен қатысушылар өздері басқаратын тау-кен-көлік техникасы бойынша 15 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындады. Мұнда дұрыс әрі жылдам жауап беру басты назарда болды. Байқау ережесіне сәйкес, әр техникалық санат бойынша ең жоғары ұпай жинаған 3 қатысушы практикалық кезеңге жолдама алды. Тек автогрейдер машинистері арасында екі үміткер бірдей ұпай алғандықтан, 4 адам практикалық кезеңге жіберілді.
Практикалық тапсырмалар ішінде барлық қатысушыға ортақ міндеттер – орнынан қозғалу, ирелеңдеп жүру және тұраққа дұрыс қою болды. Қалған тапсырмалар техника түріне қарай ерекшеленді.
Бульдозер машинистері қайырманы тіреу үстіне қою, бөшкені итеріп қақпаға дәл енгізу және жұмыртқаны қопсытқышпен жару секілді шеберлікке негізделген тапсырмаларды орындады.
Автогрейдер машинистері қопсытқышпен жер қазып, қайырмамен тегістеу жұмыстарын жүргізді. Содан кейін жай жүріп тұғырықтың үстіндегі сүзгіні қайырмасымен итеріп түсіру тапсырмасы орындалды.
Карьерлік автотүсіргіш жүргізушілері диагональды тұраққа кіріп, шарды жарып, әрі қарай габариттік дәлізден өту барысында бағандарға ілінген таяқшаларға тимеуі тиіс болды.
Комиссия мүшелері қауіпсіздік техникасының сақталуын және жол жүру ережелерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстады.
Сонымен қатар, БелАЗ-7513 автотүсіргішінің жүргізушілері арасындағы байқауда бірінші орын алған қатысушы Беларусь Республикасында өтетін БелАЗ жүргізушілерінің халықаралық жарысына жолдама алды.