Екібастұздық шенеунік Алжир Республикасындағы елші болып тағайындалды
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен бірқатар қазақстандық азамат шет елдердің елшілері болып тағайындалды. Олардың қатарында Екібастұз қаласының тумасы, 44 жастағы Әнуарбек Ахметов бар. Ол Қазақстан Республикасының Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.
Әнуарбек Ахметов қазақ, орыс, француз, ағылшын, жапон тілдерін меңгерген. 1998 жылы «Қазақ мемлекеттік басқару академиясын («Нархоз» университеті) бітірген. «Халықаралық экономист» мамандығы бойынша қызыл дипломы бар. Ал 2010 жылы Франциядағы Сорбон университетінің іскери әкімшілік институтын бітіріп, ұйымдар мен бизнесті басқару шебері (MBA) білімін алды.
Ол еңбек жолын ҚР СІМ Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының референті лауазымынан бастаған. Соңғы жұмыс орны мен атқарған лауазымы – ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры.