Екібастұздық жастар Сұлтанмахмұт Торайғыров медалін ала алады

Марапатты алу үшін қатысушы үш кезеңнен өтуі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Жастар медалі патриотизмді арттыруға елеулі үлес қосқан жас дарынды белсенділерді қолдау, «Жұмысшы мамандықтар жылын» кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар, Жастар медалі талантты жастарды ынталандыру және олардың айрықша сіңірген еңбегін тану мақсатында беріледі.
Үміткер ретінде 35 жасқа дейінгі жоғары кәсіби жетістіктері бар Екібастұз қаласының жастары қатыса алады.
Медаль келесі бағыттар бойынша беріледі:
1. Мәдениет пен өнер, журналистика саласындағы жетістіктері үшін;
2. Білім және ғылым саласындағы жетістіктері үшін;
3. Спорт саласындағы жетістіктері үшін;
4. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіндегі қоғамдық-саяси белсенділігі мен жетістіктері үшін;
5. Орта, кіші медицина персоналының қызметкерлері мен дәрігерлер үшін;
6. Өңдеу өнеркәсібі, тау-кен кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларының қызметкерлері үшін;
7. Волонтерлер және волонтерлік ұйымдардың қызметкерлері үшін;
8. Апаттық-құтқару қызметтерінің, өрт сөндірушілер және азаматтарды қорғау жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлері үшін;
9. ҚР ішкі істер мен қарулы күштері органдарының қызметкерлері үшін;
10. Сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдері және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлері үшін;
11. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және креативті индустрия саласының қызметкерлері үшін.
Қатысушыларға жұмыс немесе оқу орнынан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан ұсыным хаттары мен анықтама, 3х4 фотосуретімен екі тілде түйіндеме, өмірбаяны, орта арнаулы немесе жоғары білімі туралы дипломның көшірмесі, жетістіктері (алғыс хаттары, мақтау қағаздары, дипломдары және т.б) сканер арқылы жасалған көшірмелері, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша өткізген, қатысқан шаралары жайлы мәлімет, жарияланған мақалалар, жүзеге асырған жобалары және басқа да ұсыныс, кепілдеме хаттары, 10х15 фотосуреті, жеке куәлігінің көшірмесі және тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтама деген құжаттарды жинап, тапсыру қажет.
Екінші кезеңде «Таза Қазақстан» немесе «Заң мен Тәртіп» қағидасына негізделген әлеуметтік ролик түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген үміткер «Жастар дауысы кезеңіне» жолдама алады.
Тіркелу 9 тамызға дейін өтеді. Ал марапаттау рәсімі – 12 тамыз күні.