Екібастұз ауруханасында сәбидің өліміне қатысты тергеу басталды
![Екібастұз ауруханасында сәбидің өліміне қатысты тергеу басталды](https://cdn.pixabay.com/photo/2014/02/02/17/27/baby-256857_640.jpg)
Бұған дейін дәрігерлерге айыппұл салынған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде екібастұздық тұрғын Қазақстан Республикасы Президентіне арнаған видеосында ұлының ауырып, қайтыс болғанын жариялаған. Әйел дәрігерлерді жазалау түрін қайта қарастыруды сұраған.
Оның айтуынша, екі жасар баласының қызуы көтерілгенде үйіне дәрігер шақырған, бірақ дәрігер келмей, дәріні телефон арқылы жазып берген. Кейінірек клиникада басқа дәрігер нәрестеге ангина диагнозын қойып, пробиотиксіз ересектерге арналған антибиотикті ұсынған. Рецептте не емнің ұзақтығы, не препараттың дозасы жазылмаған. Салдарынан сәбиде демікпе пайда болған.
Анасы жедел жәрдемді үйге шақырмай, ауруханаға баласымен өзі барған. Дәрігерлер балаға стоматит диагнозын қойып, үйіне жіберген. Кешке қарай ұлының жағдайы нашарлап бара жатқандықтан, анасы жедел жәрдемді шақыруға мәжбүр болған. Бала пневмонияға шалдыққан деген күдікпен оны қалалық ауруханаға жатқызған. Ұлы үш сағаттан кейін қайтыс болған.
Анасының сөзінше, сараптама өліміне сол жақты пневмония, іріңді бронхит және панбронхит себеп болғанын көрсеткен. Әйел Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына арыз жазған. Сол арыз бойынша кінәлі дәрігерлерге айыппұл салынды.
Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсінік беруден бас тартты.
– Жеке медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі туралы мәліметтер, адамның денсаулық жағдайы, оның ауруының диагнозы және оны тексеру және (немесе) емдеу кезінде алынған басқа да мәліметтер медицина қызметкерінің құпиясы болып саналады, – деп түсіндірді ведомствода.
Ал Екібастұз қаласының полиция басқармасы Pavlodarnews.kz тілшісі жолдаған сауал хатқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы хабарлады. Істің егжей-тегжейі әлі жарияланған жоқ.