Екібастұз ауруханасында целлофанмен ботқа берген

Сондай-ақ палаталардың ластығына шағымдар болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісінде Торайғыров көшесі, 32 мекенжайында орналасқан жаңа жұқпалы аурулар ауруханасында әйел адамның лас палаталарға шағымданғаны түсірілген видео пайда болды.
Оның айтуынша, палаталардың терезелері, перделері, қабырғалары жуылмаған. Сондай-ақ ол кейбір санитарлар палаталарды жуудан бас тартатындығына шағымданады. Ал жақында ауруханада түскі асқа берілген ботқадан целлофан пакеттің ұзын қиығы табылды.
Екібастұз қалалық №2 ауруханасы бұл жағдайға қатысты жауап берді.
– Ауруханада жұмыс жағдайлары қиын және жалақысы төмен болғандықтан, санитарлар айтарлықтай жетіспейді, – деп жазды ауруханада.
Аурухананың мәліметі бойынша, соңғы уақытта кіші медицина қызметкерлерінің жұмысына және тамақ сапасына қатысты шағымдар түспеген.