Павлодар облысында ірі қара малды ұрлаған топ ұсталды
Мал иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ел бойынша «Мал ұрысы» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл – ауыл тұрғындарының мүлкін қорғауға және мал ұрлығын болдырмауға бағытталған Ішкі істер министрлігінің жоспарлы іс-шарасы. Полиция 100-ден астам мал ұрлығын ашып, 800-ден астам бас малды иелеріне қайтарды.
Polisia.kz ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, үш күн ішінде полиция қызметкерлері мал тасымалдаған 12 мыңнан астам көлікті, 3,5 мыңнан аса сатып алу орындарын, сондай-ақ, 8 мың шаруа қожалықтары мен фермаларды тексерді.
– Мысалы, Павлодар облысында алты эпизод бойынша 43 бас ірі қара малды ұрлаған төрт адамнан құралған топ ұсталды. Малды қараусыз қалдырмаңыздар, міндетті түрде таңбалап, жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыздар. Әрбір сағаттың маңызды екенін есте сақтаңыздар, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің басқарма бастығы Жандос Мұхатов.
Полиция мал ұрлығына қатысы бар 113 адамды ұстады. 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. 107 мал ұрлығы жедел ашылды. 800-ден астам бас мал иелеріне қайтарылды.