Екібастұз энергия торабындағы жұмыс қалпына келтірілді

Мамандар желіні екі жарым сағат ішінде қалпына келтірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«KEGOC» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 маусымда орын алған апаттық ажыратудан кейін Екібастұз энергия торабындағы 500 кВ әуе желісі бойынша энергиямен жабдықтау толық қалпына келтірілді.
– Электр беру желілеріндегі апаттық ажырату салдары жойылды. Мамандар жедел түрде жүйені қалпына келтіріп, энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. Бұл Оңтүстік аймақ пен Орталық Азияның Біртұтас энергетикалық жүйесіне әсерді барынша азайтуға мүмкіндік берді, – делінген хабарламада.
Сағат 19:08-де Қазақстанның Солтүстік және Оңтүстік аймақтарының параллель жұмысы қайта қосылып, тұтынушыларға енгізілген шектеулерді алу жұмыстары басталды.
Еске сала кетейік, 19 маусым күні сағат 16:44-те Екібастұз энергия торабында 500 кВ желісі ауа райының қолайсыздығына байланысты авариялық жағдайда ажыратылған. Аварияға қарсы автоматика іске қосылып, 800 МВт көлемінде шектеу енгізілген.