Екібастұз тұрғыны марихуана сақтағаны үшін жауапқа тартылды
Жігітке қатысты қылмыстық іс қалалық сотта қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сот анықтағандай, биыл ақпан айында 19 жастағы азамат жеке сектордағы бос жерден «кептірілген марихуана» салынған қағаз түйіншегін тауып алып, оны өзінде сақтаған. Сол күні есірткіге мас күйінде жүрген жігітті полиция қызметкерлері ұстап, тыйым салынған затты тәркіледі.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның қылмысы сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және куәгерлердің айғақтарымен расталды.
Сот үкімімен Е. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.