Екібастұз ЖЭО-да қазандықтардың жұмысы қатты отынға ауыстырылды
Кеше түнде күлді шаю құбыры зақымданғаннан кейін станцияда қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бүгін түнде, сағат 04:30-да Екібастұз ЖЭО-да су жылыту қазандықтарының жұмысын қатты отынға ауыстыруға кірістік. 10 желтоқсан күні кешкі сағат 19.30-да бұрын су басқан барлық учаскелер құрғатылды. Бұдан соң мамандар екі электр қозғалтқышын ауыстыруға кірісіп, сорғы күл құбырының жұмысын қалпына келтірді, – деп хабарлады облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram әлеуметтік парақшасында.
Сағат 06:00-де бұрын мазутта жұмыс істеген үш су жылыту қазандығы отынның негізгі түріне – көмірге толығымен ауыстырылды.
Қазіргі уақытта станция белгіленген параметрлерге шықты, алты қазандық агрегаты жұмыс істеуде, үш қазандық -резервте, біреуі жоспарлы жөндеуде. Жылыту параметрлері: қысым – 9/1,5 кгс/см2; ЖЭО-дан шыққан температура 79 °С құрайды.
Келесі үш-төрт сағат ішінде екібастұздық пәтерлерде жылу деңгейі артатын болады, таңертеңгі сағат 10:00 шамасында температуралық параметр 90 °С-қа жеткізуі көзделген.
Еске сала кетейік, Екібастұз ЖЭО-да су жылыту қазандық агрегаттарында күлді шығаруға арналған су құбырына зақым келген болатын (күйген көмірді немесе күлді шаю құбыры). Орын алған ақау үш сағаттың ішінде жойылды. Қазір су басқан жерлерден суды сорып шығару жұмыстары жүргізілуде.
Үш резервтік су жылыту қазандығы бірден сұйық отын - мазутқа ауыстырылған болатын. Бұл биылғы жылы Екібастұз ЖЭО қазандықтарын жөндеу бойынша атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында мүмкін болып, нәтижесінде қуаты мол қазандықтар резервін берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram