Екібастұз ЖЭО-да әрбір қазандықтың қасында камера орнату ұсынылды
Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-на осындай міндет қойды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
– Біз ол жерде жалпы бақылау мен қадағалау жүргіземіз. Күн сайын қандай жұмыс атқарылғаны туралы есеп беріп тұрады. Цехтарға камера онату туралы тапсырма бердім. Бұл камераларға телефоным арқылы қолжетімділік болу керек. Олардың қанша адам және қай мезгілде жұмысқа кірісіп, аяқтағанын онлайн көру керек. Қазіргі таңда тазалау жүріп жатыр. Барлық шаңды шығаруда. Бұдан бөлек, аптасына екі-үш рет кез келген уақытта келетін боламын. Әр қазандықтың қасында кем дегенде екі камера болуы тиіс. Біз мердігердің жұмыс істеп жатқанын, ОАЕК пен басшылықтың бақылап отырғанын көруіміз керек, – деп облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы №7 жылу магистралінде гидравликалық сынақтар өткізілетін 15, 22 және басқа шағын аудандарда үйлердің барлығын аралап шығуды тапсырды. Барлығы сегіз қазандыққа жөндеу жүргізіледі. Қалада жылу дұрыс жеткізілмейтін 184 шақты көпқабатты тұрғын үй бар.
– Олардың кейбірі ЖЭО тарапынан қалыпты температура берілген кезде де салқын болған. Үйлердің басым бөлігін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС дайындайды. Дегенмен бұл жұмысқа ГРЭС-1, ГРЭС-2 және «Богатырь Көмір» ЖШС-н тарту керек, – деді Асайын Байханов.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, 15 маусым – 15 шілде аралағында жеке сектордағы тұрғын үйлер мен 15 шілде – 15 тамыз аралығында шағын және орта бизнес субъектілері жылу маусымына дайындалады.