Павлодар облысында тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдіктілер ұсталды
Оларға қатысты бұлтартпау шарасы қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Рolisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері Екібастұз қаласында құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірді деген күдікпен топтың екі қатысушысын ұстады.
– Тәртіп сақшылары жедел ақпаратты пысықтау барысында Шахтерская көшесінде орналасқан тұрғын үйде 19 жастағы ер адам мен 21 жастағы әйел құрамында есірткі бар өсімдіктерді жабдықталған арнайы жылыжайларда өсіретінін анықтады. Олар бұл іс үшін қажетті жабдықты сатып алып, қонақ бөлмелеріне орналастырған, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Зиянкестер құрамында есірткі бар өсімдіктің оңтайлы өсуі мен жетілуі үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады: желдетуді, ауа температурасын, ылғалдылықты, топырақтың қоректік ерітіндімен қанықтылығын реттеген. Қарасора дайын болғаннан кейін қажетті бөлшектерді жұлып, арнайы сатып алған электр кептіргіште кептірген.
Полиция қызметкерлері тінту іс-шараларын жүргізу кезінде өсімдік және синтетикалық тектес белгісіз заттары бар 7 пакетті, 110 өсімдік бұтасын, сондай-ақ оларды өсіруге арналған арнайы жабдықты анықтады. Сот сараптамалары институты сарапшысының қорытындысына сәйкес тәркіленген өсімдіктердің бір бөлігінің құрамында есірткі бар: салмағы 40 келіден асатын кептірілген марихуана, алып қойылған синтетикалық есірткінің массасы – 6,59 грамм, гашиш – 4,85 грамм.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.