Екібастұзда 4 жаңа жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды

Екібастұзда 4 жаңа жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, М.Жүсіп көшесіндегі ЖМ-2 («Достық» дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін), сондай-ақ, Абай көшесі бойындағы ЖМ-5, ЖМ-8, ЖМ-12 (№4 мектептен Марғұлан көшесіне дейін) қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. 

- Барлық жаңа жылу желілері 16 кг/дм3 жоғары қысымды гидравликалық сынақтан өткізілді. Желілер жүктемеге шыдады. Бүгін барлық 4 магистраль бойынша желілерді жуу жұмыстары басталды. Желілерді толтыру және іске қосу 1 қазаннан бастап жоспарлануда, - делінген хабарламада.

Қайта жаңартылған төрт жылу магистралінің жалпы ұзындығы - 5,4 км. Жалпы биыл кеншілер қаласындағы 382 км жылумен жабдықтау желілерінің 74 шақырымы (19,3%) жаңартылды.

Жылу беру маусымының басталуына дайындық және жылуды іске қосу бойынша барлық жұмыстар облыс әкімінің күнделікті бақылауында.