Павлодарда үйге терезе арқылы кіріп, ақша ұрлаған күдікті ұсталды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда ұрылар үйлерге түсуді әлі де жалғастырып келеді.Жыл басынан бері пәтерге түскен 33 сұғанақтың ісі әшкере болды. Жуырда тағы бір пәтер ұрлығының жолы кесілді. Павлодарлық полицейлер жедел түрде әрекет етіп, 470 мың теңге ұрлады деген күдіктіні ізін суытпай ұстады.
Кезекші бөлімге облыс орталығының тұрғыны хабарласқан. Әйелдің айтуынша, белгісіз адам оның жеке үйіне терезе арқылы кіріп, ақша қаражатын ұрлап кеткен. Арыз түскеннен кейін полиция қызметкерлері дереу жедел-іздестіру іс-шараларын бастады.
Тәртіп сақшыларының кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде күдіктінің жеке басы жедел анықталып, кейін ол ұсталды.
- Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарды жасауға қатыстылығы тексерілуде, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полицейлер мүліктің қауіпсіздігі қарапайым сақтық шараларын сақтаудан басталатынын ескертеді. Ақша қаражаты мен бағалы заттарды қолжетімді жерде қалдырмауға, үйден шығар кезде терезелер мен есіктерді міндетті түрде тексеруге шақырады.