Екібастұзда алапат өрттен бір адам қаза тапты

Екібастұзда алапат өрттен бір адам қаза тапты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Тағы бірнеше адам құтқарылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 13 тамызда Екібастұз қаласындағы Б. Момышұлы көшесі, 70 мекенжайында өрт шыққан.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер бірінші қабаттағы пәтерде болған өртті сөндіруге кірісті. Пәтерде үйдегі заттар мен жиһаздар жанған.

Өрт сөндірушілер арнайы құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, баспалдақ арқылы түтін басқан ғимараттан алты адамды, оның ішінде бір баланы қауіпсіз жерге шығарды. Құтқарылған төрт адам, соның ішінде пәтер иесі жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

Өкінішке қарай, төртінші қабаттағы баспалдақ алаңынан ес-түссіз күйде табылған 1996 жылы туған әйел қайтыс болды.

Өрт сағат 20:15-те толықтай сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Электр құралдары мен ашық от көздерін қараусыз қалдырмаңыз. Төсекте темекі шекпеңіз. Өрт болған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.