Павлодарда биыл бес миллион теңгеге дейін гранттар екі санат үшін ғана беріледі

Павлодарда биыл бес миллион теңгеге дейін гранттар екі санат үшін ғана беріледі
Фото: Константин Шелков

Биыл гранттар беруге 82 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Бұл туралы Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаев мәлім етті. 

– Басқарма жыл сайын бес миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беруге конкурс өткізеді. Осы жылдан бастап гранттар кәсіпкерлердің екі санаты үшін ғана берілетін болады: бірінші санат – «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері және екінші санат – әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімінде тұрған ШОБ субъектілері, – деді Сағыныш Нұрқымбаев.

Әлеуметтік кәсіпкерлік азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ететін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көздейді.

Басқарма басшысы әлеуметтік салада жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін «Әлеуметтік кәсіпкер» ұғымын анықтайтын төрт негізгі критерий белгіленгенін атап өтті.

Бірінші санат – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту мәселелерін шешетін кәсіпкерлер. Бұл ретте мұндай кәсіпорын қызметкерлерінің кемінде 51 пайызы әлеуметтік осал санатқа жатқызылуы тиіс. Екінші санат – өндірілетін тауарларды немесе қызметтерді сатуға ықпал ететін кәсіпкерлер, халықтың әлеуметтік осал топтарының санаты. Үшінші санат – қызмет көрсететін кәсіпкерлер немесе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өндіретін тауарлар. Төртінші санат – экология, білім, мәдениет және өнер мәселелері.

– Биыл гранттар беруге 82 миллион теңге бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау үшінші тоқсанның соңында жоспарлануда. Өтінімдер Kezekte.kz ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады, – деді спикер.

Айта кетейік, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы төрт негізгі бағыт бойынша бизнесті қолдаудың қаржы құралдарының өңірлік үйлестірушісі болып табылады. Атап айтқанда, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредиттер бойынша ішінара кепілдік беру, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу.

Ағымдағы жылы барлық бағыттарды іске асыруға 13 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 

Биыл өңір бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 373 жобасы, оның ішінде 73 жоба бойынша 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер қолдау тапты.