Екібастұзда пәтердегі өткір иістен жасөспірімдерді құтқаруға тура келді
Құтқарушылар пәтерге тыныс алу аппараттарымен кіріп, баланы қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
20 тамызда Екібастұз қаласында «112» пультіне құтқарушылардың көмегі қажет екені туралы хабарлама түсті.
– Пәтерде құрамында тазартқыш және дезинфекциялық зат бар пластик бөтелке жарылып, өткір иіс бүкіл пәтерге тараған. Иістің әсерінен екі жасөспірім балконға шығып, сол жерде қалып қойған, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тыныс алу аппараттарын киіп, пәтерге кірді. Балконнан 14 жастағы жасөспірімді тауып, оған қорғаныш маскасын кигізіп, қауіпсіз жерге алып шықты.
2010 жылы туған қыз ТЖД қызметкерлері келгенге дейін пәтерден өздігінен шығып үлгерген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тұрмыстық химиялық заттарды пайдалану және сақтау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.