Қонақтар уланды: Екібастұзда мейрамхана иесі жазаланды

Қонақтар уланды: Екібастұзда мейрамхана иесі жазаланды
Фото: pexels.com

Кінәлі тұлға сот үкімін қайта қарау үшін шағымданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Екібастұзда азаматтардың жаппай улануына байланысты дауға нүкте қойылды.

Атап айтқанда, былтыр 14-16 сәуір аралығында Астана, Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларындағы медициналық мекемелерге әртүрлі тамақ улану белгілерімен 56 азамат жүгінді, олар алдын ала Екібастұз қаласындағы мейрамханада өткен салтанатты шараға қатысқан.

– Зардап шеккен адамдардың санына байланысты тергеу басталған сәттен бастап, қылмыстық іс Екібастұз прокуратурасының бақылауында болды. Процессуалдық прокурорлар тағайындалды, сараптамалар ұйымдастырылды, тергеу тобының шығуы ұйымдастырылды, – делінген хабарламада.

Екібастұз қалалық сотының үкімімен кінәлі тұлға қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салынып, еркіндігін шектеу жазасына кесілді.

Зардап шеккендер сот шешімімен қанағаттанды, тек мейрамхана иесі сот үкімін қайта қарау үшін шағымданды.

Еске сала кетейік, 2024 жылы болған мерекеден кейін қонақтардың бір бөлігі ауруханаға түсті. Мейрамханада санитарлық дәрігерлер бұзушылықтарды, соның ішінде нысанның санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының, қызметкерлердің медициналық кітаптарының жоқтығын анықтады.