Павлодар облысында тағы бір «Ауыл құтқарушылары» бекеті ашылды
Жаңартылған өртке қарсы бекет Шиқылдақ ауылына қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, еліміздегі 177-ші «Ауыл құтқарушылары» бекеті Екібастұз қаласының Шиқылдақ ауылында ашылды. Нысанның жұмысы тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ашылу рәсіміне төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, өңірлік ТЖД бастығы Рустамбек Әмірин, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, сондай-ақ, ауыл тұрғындары қатысты.

– Бөлімшенің иелігінде КамАЗ базасындағы АЦ-8-40 жаңартылған автоцистернасы бар. Бекет байланыс құралдарымен, өртті сөндіруге арналған заманауи жабдықтармен және қорғаныш киімдерінің жиынтығымен қамтамасыз етілді. Қайта жаңғырту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүргізілді. Жаңартылған өртке қарсы бекет 477 тұрғыны бар Шиқылдақ ауылына қызмет көрсететін болады, - дейді төтеншеліктер.
Шара барысында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін бірқатар қызметкерлер мен азаматтар наградталды.

Еске сала кетейік, Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылында ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.