Екібастұзда «Шахтер даңқы» иегерлеріне әлеуметтік пакет жасау ұсынылды

Екібастұзда «Шахтер даңқы» иегерлеріне әлеуметтік пакет жасау ұсынылды
Фото: Константин Шелков

26 жұмысшы өтінішпен жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

«АМАNАТ» партиясы Екібастұз қалалық филиалының мәліметінше, партияға «Богатырь Көмір» ЖШС-мен еңбек шартын тоқтатып, зиянды жұмыс орындарында істейтін азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік төлем рәсімдеген 26 жұмысшы өтінішпен жүгінді. Кеншілер еңбек шартын тоқтатқан кезде оларға зейнеткерлікке шығуына байланысты екі лауазымдық айлық және «Шахтер даңқы» наградасының төлемі төленбегеніне шағымданды.

Филиалда «АМАNАТ» партиясы ЕҚФ-ның атқарушы хатшысы, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы, «Татуласу орталығы» келісім орталығының жетекшісі, «Богатырь Көмір» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасының қатысуымен ZOOM конференциясы ұйымдастырылды.

Кеншілер осыған дейін бұл мәселемен «Богатырь Көмір» ЖШС-іне өтініш жасағандарымен, басшылық олардың жасы бойынша зейнеткер еместігін алға тартып, бүгінгі күнге дейін жоғарыда аталған төлемдерді бермегеніне наразы. Алайда, арызданушылардың айтуынша, мұндай төлемдерді ұжымдық шартқа өзгертулер енгізу арқылы «Қазхром ТҰҚ» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Шығыс» кенішінің осындай санаттағы жұмысшылары алған.

– Өтініш берушілерге заңгерлік кеңес беріліп, «Богатырь Көмір» басшылығына мұндай төлемді ұжымдық шартқа енгізу туралы ұсыныс-хат жасалды. Сонымен қатар, зейнеткерлерге, оның ішінде үш дәрежелі «Шахтер даңқы» ведомстволық наградаларына ие қызметкерлерге ұқсас арнайы әлеуметтік пакет жасау қажеттігін айттық, – деді партия мүшелері.

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтары бірлестігінің төрайымы бұл мәселені өңірдегі жұмыскерлері зиянды еңбек жағдайларына байланысты арнайы әлеуметтік төлем рәсімдеген кәсіпорындардың кәсіподақтарымен талқылауды жоспарлап отыр.