Павлодардағы ҮЕҰ өкілдері ІІ Өңірлік Азаматтық форумға қатысты
Шара Талдықорған қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәлімдеуінше, Жетісу облысында "Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері мен перспективалары" атты II Өңірлік Азаматтық форумы өтті. Оған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, белсенді жастар қатысты.
Келелі жиынды облыс әкімдігінің қолдауымен Жетісу облысының Азаматтық альянсы ұйымдастырды.
- Екі күндік форум АҚДМ азаматтық қоғам комитетінің, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ, облыстар мен қалалар әкімдіктері басқармаларының қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Шара барысында бүгінгі таңда азаматтық қоғамды толғандыратын мәселелер талқыланды, - делінген хабарламада.
Спикер ретінде Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, АҚДМ азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова, "Азаматтық бастамалар орталығы" КЕАҚ Басқарма төрағасы Әлия Қалқаманқызы Оспанова және т. б. сөз сөйледі.
Аталған форумға Павлодар облысынан "Үміт үзбеу" ҚҚ директоры Гахзар Омарова, мүгедектер мен мұқтаждарға арналған "Қамқор" көмек және оңалту орталығы " ҚБ басшысы Салтанат Сәрсембаева және ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Темірлан Сәкенов қатысты.
Форумда жергілікті ҮЕҰ әзірлеген үздік жобаларға сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.