Павлодар облысында нәрестелер өлімі 24 пайызға азайды

Павлодар облысында нәрестелер өлімі 24 пайызға азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар қызылша ауруының өршуіне екпеден бас тарту себеп екенін айтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысының орынбасары Айгүл Маликованың төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста денсаулық сақтау саласының бірінші тоқсандағы қорытындылары жарияланды. Жиынға қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және медицина мекемелерінің басшылары қатысты.

Облыстың бас штаттан тыс педиатры Ирина Орсагоштың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде нәрестелер мен балалар өлімі 24%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіш медициналық көмек сапасының жақсарғанын көрсететін негізгі индикатор болып табылады.

Алайда эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. СЭБД басшысы Батырбек Әлиев облыста қызылшамен ауырғандар саны күрт өскенін хабарлады. Мәселен, 2025 жылы барлығы 150 жағдай тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында 141 адам індет жұқтырған.

Ауырғандардың 90 пайызы – кезінде екпе алмағандар. Қалаларда жоспарлы вакцинация деңгейі төмен болып тұр. Бұған ата-аналардың екпеден бас тартуы басты себеп. Вакцинацияланбаған балалар инфекция ошағын қалыптастырып, аурудың таралуына жол береді, – деді Батырбек Әлиев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков жүйедегі өзге де негізгі көрсеткіштердің орындалу барысын баяндады. Жиын соңында қалалар мен аудандардың жауапты тұлғаларына нақты міндеттер жүктелді.

Айгүл Маликова жүкті әйелдер мен нәрестелерге көрсетілетін көмекті жақсартуды, сондай-ақ халықты иммундаумен қамту деңгейін арттыруды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру басты басымдық екенін атап өтті.