Еліміздің үздік спектакльдері Павлодар төрінде сахналанады
Павлодарда еліміздің театр өнеріндегі үздік қойылымдар тоғысатын «ЕРТІС – БАЯН» екінші республикалық театрлар фестивалі өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өнер додасы 25-30 қыркүйек аралығында Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында ұйымдастырылады.
Дәстүрлі фестиваль биыл қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрдың тұңғыш режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына орайластырылып отыр.
– Фестивальдің негізгі мақсаты – отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды насихаттап, заманауи театр үдерісінің негізгі бағыттарын айқындау, классикалық және заманауи театр мұрасы арасындағы шығармашылық байланысты нығайту. Сонымен қатар, актерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап, театр әлеміндегі жаңа есімдерді таныту көзделген, – дейді Ж. Аймауытов театры басшысының орынбасары Нұркен Тұрлыбек.
Фестиваль аясындағы алғашқы маңызды шаралардың бірі – 25 қыркүйек күні сағат 15:00-де өтетін «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференция.
Жиынға елімізге танымал театртанушылар мен сыншылар, ғалымдар, сондай-ақ Ерсайын Тәпеновтің туыстары қатысады. Конференция барысында режиссердің қазақ театр өнеріне қосқан үлесі, шығармашылық ізденістері мен режиссерлік қолтаңбасы талқыланады.
Сондай-ақ осы күні архивтік деректер негізінде жарық көрген «Қырсекциядан Аймауытов театрына дейін» атты тарихи зерттеу кітабының тұсаукесері өтеді.
Ал фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі 25 қыркүйек күні сағат 17:00-де Ertis Promenad сахнасында өтеді.
– Алты күнге жоспарланған фестиваль барысында еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары көрермен назарына соңғы жылдары сахналанған таңдаулы қойылымдарын ұсынады. Фестивальдің басты ерекшелігі – байқауға ұсынылатын спектакльдер бұған дейін өзге театрлардың сахнасында қойылмаған және олардың премьерасы соңғы бір жыл ішінде өткен болуы тиіс, – деді Нұркен Тұрлыбек.
25 қыркүйек, 19:00-де А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры «Дядя Ваня» қойылымын ұсынады. Өтетін орны: А. П. Чехов театры.
26 қыркүйек, 15:00-де А. П. Чехов театрында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры «ІС №20/25» қойылымын сахналаса, 18:30-да Ж. Аймауытов театрында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Гамлет» қойылымын ұсынады.
27 қыркүйек, 15:00-де А. П. Чехов театрында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Шекпен» қойылымын, 18:30-да Ж. Аймауытов театрында Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Шолпанның күнәсі» қойылымын көрермен назарына паш етеді.
28 қыркүйек, 15:00-де А. П. Чехов театрында Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры «Шынарым менің, Шырайлым менің» қойлымын, 18:30-да Ж. Аймауытов театрында Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Турандот» қойылымын сахналайды.
29 қыркүйек, 15:00-де А. П. Чехов театрында С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театры – «Макбет», 18:30-да Ж. Аймауытов театрында С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры «Ромео мен Джульетта» қойылымын қояды.
30 қыркүйек, 11:00-де Ж. Аймауытов театрында «Алматы әуендері» КМҚК Асанәлі Әшімов театры «Томирис», 15:00-де А. П. Чехов театрында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры «ТОЙ» қойылымдары сахналанады.
Сол күні 19:00-де Ж. Аймауытов театрында жестивальдің жабылу салтанаты өтеді.
Фестиваль соңында кәсіби қазылар алқасы театр ұжымдарының шығармашылық жұмыстарын бағалап, бірқатар номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Бас жүлде», «Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесі», «Үздік ансамбль», «Үздік режиссура» – Ерсайын Тәпенов атындағы жүлде, «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «Екінші пландағы ер адам бейнесі», «Екінші пландағы әйел адам бейнесі» және «Үздік сценография» номинациялары бойынша анықталады.
Алты күн бойы Павлодар сахналарында классикалық шығармалардан бастап, заманауи драматургияға дейінгі сан алуан қойылымдар ұсынылады. Фестиваль жергілікті көрерменге еліміздің әр өңірінен келген театрлардың шығармашылығымен танысып, актерлердің кәсіби шеберлігін тамашалауға мүмкіндік береді.