Еліміздегі қарақұмықтың жартысына жуығы Павлодар облысында өндіріледі

Еліміздегі қарақұмықтың жартысына жуығы Павлодар облысында өндіріледі
Фото: Константин Шелков

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнін мерекелеу қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық аграршылар барлығы бір миллион 600 мың гектар жерге жем-шөп, дәнді және майлы дақылдарды екті. Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, біздің облыс еліміздегі қарақұмықтың жартысына жуығын өндіреді.

– Биылғы жылы еліміздегі картоптың 30 пайызы және сәбіздің 40 пайызы өндірілді. Бұған қоса, біз ауыл шаруашылығы саласына инвестицияларды ұлғайту бойынша көшбасшы екенімізді ерекше атап өткім келеді. 200 миллиард теңге тартылды. Ауылдық жерлерде 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондықтан биылғы жыл біз үшін сәтті болды. Менің ойымша, нәтижелер өте жақсы, – деді Асайын Байханов. 

Ауыл шаруашылығы қызметкері күнін мерекелеу аясында павлодарлықтар үшін салтанатты концерт дайындалды. Аграрлық саланы дамытуға қосқан үлесі үшін 38 адам облыстық және республикалық деңгейдегі өз марапаттарын алды.

– Бұл саланың барлық жетістіктері – ең алдымен, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға күн сайын зор үлес қосатын қарапайым жұмысшылардың еңбегі. Олардың қажырлы еңбегіне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету – біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Биыл көптеген шаруа қожалықтар жоғары әлеуметтік жауапкершілікті көрсете отырып, өз қызметкерлерінің жалақысын едәуір көтерді. Осы мерекелік күні баршаңызға амандық, жақсы нәтижелер мен табыс тілеймін, – деді Асайын Байханов.

Айта кетерлігі, биыл жиналған өнім аймақ үшін рекордтық көрсеткіш. Бұл көрсеткіш өткен маусыммен салыстырғанда үш есеге артты. Фермерлер енді басты міндет – тауарларды сақтау және сәтті сату екенін атап өтті.