Ел бойынша беделі жоғары: Павлодарда «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдығы тойланды
Газеттің тұрақты да, адал оқырмандары артып келеді , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ertis Promenade» сахнасында облыстың бас басылымы «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш өтті.
Шара барысында газет өміріне белсене араласып, үздік оқырман мен авторларына айналған азаматтар марапаталды. Олардың арасында 92 жастағы Құрмет белгісінің иегері, Баянауыл ауданның Құрметті азаматы 17 жыл шахтада жұмыс істеген Мұхтар Әбенов те бар. Тұрақты оқырман газеттің бірнеше мерейтойында болып, басылымның өсіп, дамып жатқанын көруде. Оған «Үздік оқырман» аталымы бойынша кітап пен алғыс хат табыс етілді.
– Газет елдің айнасы ғой. «Saryarqa samaly»-ын оқып жүргеніме 65 жыл болды. Үлкен той қайырлы, құтты болсын,– деді Мұхтар Әбенов.
Ал «Ертегіші атай» аталымы бойынша ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, «Ainalaiyn» қосымшасының тұрақты авторы Серік Сатыбалдинға газеттің екінші жарты жылдығына тегін жазылу сертификаты берілді. Ол 1967 жылы мектепті бітірген кезден бастап газетті қолынан жібермей келеді. Өзі Тілшілермен бірге газеттің мазмұнды, түрлі тақырыптарға арналған материалдардың шығуына атсалысып жатыр. Оның мақалалар, әңгімелер, ертегілері күні бүгінге дейін газет беттерінде жариялануда. Оның сөзінше, қағаздағы басылым, еш уақытта құнын жоймайды. Кітап, газет, журналды ешқандай технология жеңіп шыға алмайды.
– Редакциядағы тілшілердің айтатын жақсы ойы бар, тақырыптары кең. Газет қоғамдық өміріміздің барлық жағын қамтып отыр. Осыған да сүйсінеміз. Тіпті республикада «Saryarqa samaly»-ның беделі жоғары. Оны көріп жүрмін. Бұның барлығы белсенді редакция ұжымының арқасы деп білемін. Газет 95 жылдық мерейтойына үлкен абыроймен келіп отыр. Оны облыстың бүкіл жұртшылығы мойындайды. Газет абыройдан арылмай, алдағы уақытта биіктен көріне берсін,– деді Серік Сатыбалдин.
Газет редакторы Нұрбол Жайықбаевтың айтуынша, басылымның алғашқы нөмірі 1929 жылы 15 ақпанда шықты. Басында ол «Кеңес туы», ал 1938 жылдан бастап басылым «Қызыл ту» деген атпен шыққан болатын. Еліміз тәуелсіздікке жеткенде, 1991 жылдың 26 қыркүйегінен бастап газет «Saryarqa samaly» атауын алды. Бүгінде газетте он бестен астам қызметкер жұмыс істейді. Оның жартысы техникалық болса, қалғаны шығармашылық жағынан газеттің мазмұнын толтыруға үлесін қосады.
Кештің сәніне И.Байзақов атындағы облыстық филармониясы мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары әзірлеген музыкалық нөмірлер болды.
Айта кетейік, «Saryarqa samaly» газетінің баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер – 2022» ұлттық сыйлығының «Үздік өңірлік басылым» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған болатын. Қазіргі таңда газет әр аптаның бейсенбі күндері 32 бет болып қалың оқырманға жол тартады.
Фото: Ольга Бугаева мен Есенжол Исабек