Электр энергиясын үнемдемекші болған павлодарлықтар заңды бұзды

Олар тұтыну көлемін ескермей, электр энергиясын аз көлемде алуға мүмкіндік беретін қосымша құрылғы орнатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұтынушылардың электр энергиясын ұрлауға арналған кіріктірілген құрылғылары бар есептеу құралдарын пайдаланудың төрт жағдайын Павлодар АЭК мамандары екі айдың ішінде анықтады. Есепке алу құралдарының ішіне орнатылған құрылғылар қашықтан басқарылады және тұтынылған электр энергиясының көлемін азайту жағына қарай бұрмалайды.
– «Зарядталған есептегіш» тәсілімен бұзушылық анықталған кезде есепке алу құрылғысы тұтынушының қатысуымен Павлодар электржелілік тарату компаниясы зертханасында тексеріледі. Есептеу құралын ашқан кезде тұтыну көлемін ескермей электр энергиясын алуға мүмкіндік беретін қосымша орнатылған құрылғы анықталады, – дейді компанияның бас метрологы Вадим Божков.
Павлодар электржелілік тарату компаниясы мамандарының есепке алу құралдарын тексеруі үнемі жүргізіледі. Тексерудің заманауи әдістері мен диагностикасы мамандарға «зарядталған» есептеу құралын дәл анықтауға мүмкіндік береді.