Павлодарда энергетика қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтар көбейді

Олар SMS-хабарламадағы құпия кодты сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодарэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар әдетте бейтаныс адамдарға қоңырау шалып, өздерін энергетикалық орталықтың немесе Қалалық үйішілік электр желілері кәсіпорнының (ҚҮЭЖК) қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар есептегіштерді тексеру немесе үйішілік электр желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы жалған ақпарат береді.
– Алаяқтар арнайы кәсіби лексиканы қолдана отырып, сіздің сеніміңізге кіруге тырысады. Осыдан кейін олар сізге SMS-хабарлама жолдайтындығын айтып, кездесуді растау үшін хабарламадағы құпия кодты сұрайды. Бұл – алаяқтардың жеке деректеріңізді ұрлауға бағытталған әрекеті. Егер сіз тіпті ҚҮЭЖК-ке өтініш жазып, қызметкерлердің келуін күтсеңіз де, мынаны есте сақтаңыз: «ПЭТК» АҚ және «Павлодарские тепловые сети» ЖШС қызметкерлері тұтынушыларға телефонмен хабарласпайды. Тек Қалалық үйішілік электр желілері кәсіпорнының қызметкерлері ғана келмес бұрын алдын ала қоңырау шалып, келу уақытын келіседі, бірақ олар ешқашан мессенджерлер арқылы келген кодтарды сұрамайды, – делінген хабарламада.
Сондықтан, ведомство өкілдері SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке ақпараттарыңызды ешкімге ешқашан айтпауды сұрайды.
Күмән туындаған жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, ақпаратты нақтылау үшін 8 (7182) 903-309 ресми байланыс орталығының нөміріне қоңырау шалу қажет.
Барлық өзекті және сенімді ақпарат компанияның ресми сайтында және инстаграм-аккаунтында орналастырылған.